2026 ж. 3 сәуірДемократиялық институттар және адам құқықтары
Қазақстандағы дербес деректер қауқары және құқықтық таным (DEREK)
Жоба сипаттамасы

Жетекші ұйым және үйлестіруші: «Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры (Wings of Liberty, WoL)
Бірлесіп іске асырушы серіктес: «Құқықтық саясатты зерттеу орталығы» қоғамдық қоры (LPRC)
Қаржыландыру: Еуропалық Одақ

DEREK жобасы Қазақстанда жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығы мен дербес деректерді қорғауды күшейтуге бағытталған. Жоба оқытуды, тегін заң көмегін, құқық бұзушылықтарды құжаттауды және мемлекеттік органдармен диалогті біріктіреді. Осы арқылы адам құқықтарына негізделген және халықтың әртүрлі топтарының қажеттіліктерін ескеретін цифрлық саясатты қалыптастыруға азаматтық қоғамның қатысуын кеңейтуді көздейді.
LPRC жобаға бірлесіп іске асырушы серіктес ретінде қатысады және заң клиникалары желісін үйлестіруге, өңірлік ұйымдарды қолдауға, Алматыдағы клиниканың жұмысына және нақты істер негізінде талдамалық есеп әзірлеуге жауапты. Орталық оқытуға, тәлімгерлікке және дербес деректерді қорғау саласындағы заңнама мен практиканы жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды ілгерілетуге де қатысады.
Міндеттері
1) Азаматтық қоғам ұйымдарының, заңгерлер мен жергілікті азаматтық бастамалардың жеке өмір мен дербес деректерді қорғау саласында құқықтық көмек көрсету, бұзушылықтарды анықтау және жауапкершілікке тартуға қол жеткізу мүмкіндіктерін нығайту.
2) Нақты істерді талдау, ұсынымдарды ілгерілету және ақпараттық жұмыс арқылы азаматтық қоғамның саясат әзірлеуге және цифрлық құқықтарды қоғамдық талқылауға қатысуын кеңейту.
Негізгі мақсатты топтар
1) Азаматтық қоғам ұйымдары, соның ішінде әйелдермен, жастармен, мүгедектігі бар адамдармен, мигранттармен және зорлық-зомбылықтан зардап шеккендермен жұмыс істейтін өңірлік ұйымдар.
2) Заңгерлер, адвокаттар, құқық қорғаушылар және заң көмегін көрсету жөніндегі мамандар.
3) Мемлекеттік органдардың, парламенттің және адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық институттардың өкілдері.
4) Журналистер, редакторлар, блогерлер және ақпараттық контент жасаушылар.
5) Заң мамандықтарының студенттері және цифрлық құқықтар мәселелерімен айналысатын жас мамандар.
Жобаның түпкілікті бенефициарлары — цифрлық платформалар мен электрондық мемлекеттік қызметтерді пайдалану кезінде деректері өңделетін Қазақстан тұрғындары. Осал топтарға, құқық қорғаушыларға, белсенділерге, журналистерге және құқықтық көмекке қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі аудандардың тұрғындарына ерекше назар аударылады.
Жобаның негізгі компоненттері
Дербес деректерді қорғау мектебі. Алматыда ұлттық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен өтетін оқытуға азаматтық қоғам өкілдері, заңгерлер мен құқық қорғаушылар арасынан кемінде 40 адам қатысады деп жоспарланған. Бағдарлама құқықтық стандарттарды зерделеу мен нақты жағдайларды талдауды ұштастырады. Алған білімді бекіту және қолдану үшін кейіннен алты практикалық сабақ өткізу көзделген.
Заң клиникаларының желісі. Жоба алты мамандандырылған клиника құруды көздейді: төртеуі Қазақстанның солтүстігіндегі, оңтүстігіндегі, шығысындағы және батысындағы өңірлік ұйымдар базасында, ал қалған екеуі Астанада WoL және Алматыда LPRC жанынан ашылады. Өңірлік ұйымдар конкурстық негізде іріктеліп, қаржылық және сараптамалық қолдау алады. Клиникалар жеке өмір мен дербес деректер мәселелері бойынша тегін консультациялар, шағым дайындауға көмек және құқықтық өкілдік қызметтерін көрсетеді.
Стратегиялық сот істері және тәлімгерлік. Заңнама мен құқық қолданудағы жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған кемінде жеті стратегиялық іске қолдау көрсету көзделген. Жас заңгерлер мен студенттер тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен нақты істер бойынша жұмыс істеп, цифрлық құқықтарды қорғау дағдыларын дамытуға мүмкіндік алады.
Практиканы талдау және ұсынымдар әзірлеу. Клиникалардың жұмысы негізінде қазақ және орыс тілдерінде талдамалық есеп әзірленеді. Онда қайталанатын бұзушылықтар, дербес деректерді пайдалану мәселелері және құқықтық қорғауға қол жеткізудегі кедергілер қорытындыланып, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамға арналған ұсынымдар беріледі.
Дербес деректерді қорғау жөніндегі ұлттық форум. «Реформалар үшін диалог» форумына мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғамның, заң және академиялық қауымдастықтардың, медианың кемінде 60 өкілі қатысады деп жоспарланған. Қатысушылар клиникалардың практикасын, зерттеу қорытындыларын және халықаралық тәжірибені талқылап, дербес деректерді қорғауды жетілдіру жөніндегі ұсынымдар әзірлейді.
Ақпараттық науқан және ұсынымдарды ілгерілету. Қазақ және орыс тілдеріндегі мақалалар, инфографика, подкасттар, бейнематериалдар және әлеуметтік желілердегі жарияланымдар адамдарға өздерінің цифрлық құқықтары мен оларды қорғау тәсілдерін жақсырақ түсінуге көмектеседі. Жоба нәтижелері мен ұсынымдары ұлттық және халықаралық диалог аясында ұсынылады.
Практикалық жұмысқа арналған материалдардың үш жиынтығын қазақ және орыс тілдерінде әзірлеу көзделген: дербес деректерді қорғау және басқару жөніндегі нұсқаулық, заң көмегін көрсетуге арналған үлгілер және азаматтық қоғам ұйымдарына арналған құпиялылық саясатының үлгісі.
Жоба үш жылға, яғни 36 айға есептелген және Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен іске асырылады.
Қосымша ақпарат алу үшін мына электрондық пошта мекенжайына хабарласыңыз: info@lprc.kz
Жарияланым Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен дайындалды. Оның мазмұнына тек «Құқықтық саясатты зерттеу орталығы» қоғамдық қоры (LPRC) жауапты. Жарияланымның мазмұны Еуропалық Одақтың көзқарасын міндетті түрде білдірмейді.


