+7 727 356 03 86 | +7 705 925 50 06
RU
Оқиғалар
Звёзд: 1Звёзд: 2Звёзд: 3Звёзд: 4Звёзд: 5 0,00
Loading...

Аудандық соттан Адам құқықтары жөніндегі комитетке дейін: адвокаттар бейбіт жиналыстарға қатысушылардың құқықтарын қорғауды үйренуде.

Төртінші тренингте қазақстандық адвокаттар әкімшілік соттардың шешімдеріне қалай шағымдану керектігін, істерді қайта қарауға апелляция мен шағымды қалай беру керектігін және ҚР бейбіт жиналыстарға қатысушыларды қорғау үшін халықаралық құқық қандай кепілдіктер беретінін анықтады.

Онлайн-тренингтер бейбіт жиналыстар барысында қазақстандықтардың құқықтарын қорғау жобасы аясында ҚР үкіметтік емес секторының заңгерлері мен адвокаттар үшін өткізіледі. Жобаны Сорос-Қазақстан Қорының қаржылық қолдауымен «Құқықтық саясатты зерттеу орталығы» ҚҚ (Алматы қ.) ұйымдастырады.

Төртінші тренингтің тақырыбы бейбіт жиналыстарға байланысты істер бойынша сот шешімдері мен әкімшілік қудалау органдарының іс-әрекеттеріне шағым жасаудың мәселелері мен егжей-тегжейлері болды. Тренинг спикері ретінде Жанар Балғабаева шақырылды. Тренингке Қазақстанның түрлі қалаларынан 50-ге жуық адвокаттары мен үкіметтік емес секторының заңгерлері қатысты.

Тренингте қатысушылар қазақстандықтарға қолжетімді шағымдану рәсімдерін толықтай талқылады. Оның ішінде:

– соттардың заңды күшіне енбеген қаулыларын апелляциялық тәртіппен қайта қарау;

– заңды күшіне енген сот қаулыларын кассациялық тәртіппен қайта қарау;

– сот актілеріне шағымдану туралы прокуратураға өтініш;

– прокуратура органдарына иерархия бойынша жүгіну: аудан прокуратурасы, қала прокуроры, Бас прокуратура, Бас прокурор;

– БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетіне жеке хабарлама.

Тренинг қатысушылары талқылаған тағы бір маңызды мәселе – лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне шағымдану тәртібі.

Жанар Балғабаева қатысушыларға лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттері, сондай-ақ әрекетсіздігі мен мемлекеттік органдардың актілері Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 29-тарауы тәртібімен сотқа шағымданатынын еске салды.

Сарапшы атап өткендей, азамат пен заңды тұлға өз құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны туралы белгілі болған сәттен бастап үш ай ішінде, жоғары тұрған мемлекеттік органға немесе сотқа шағыммен, өтінішпен жүгінуге құқылы.

Өтініштерді қарау мерзімдерін де қадағалау қажет. Мәселен, прокуратура органдарына келіп түсетін өтініштер прокуратураға келіп түскен күннен бастап 30 күннен кешіктірілмейтін мерзімде,  қосымша зерделеу мен тексеруді талап етпейтіндері – 15 күннен кешіктірілмей шешілуі тиіс.

Халықаралық ұйымдарға жүгіну ерекше маңызға ие.

Тренингтердің тәлімгері, құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль атап өткендей, Адам құқықтары жөніндегі комитетке жүгінбес бұрын, өтініш беруші тиісті бұзушылықтан мемлекетішілік құқықтық қорғау құралдарын түгелдей пайдалануы тиіс.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті – Пактіге қатысушы елдердегі азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің орындалуын қадағалаумен айналысатын ұйым. Қазақстан бұл пактіні 2005 жылы ратификациялады.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің ережелеріне сәйкес, “қатысушы мемлекет кейбір шектеулер қойған кезінде, бұл шектеулер осы құқық принципіне қауіп төндірмеуі тиіс”. Шектеулер “заңмен белгіленуге” тиіс: олар бапта баяндалған себептердің біріне орай енгізілуі мүмкін, ал қатысушы мемлекет олардың осы мақсаттардың біріне қол жеткізу үшін “қажетті” болып табылатынын негіздеуі тиіс.

Сарапшылар сондай-ақ қатысушыларға ҚР Конституциясының 4-бабына сәйкес Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болатынын және тікелей қолданылатынын еске салды.

Онлайн-тренингтер «Құқықтық көмек көрсету және бейбіт жиындарға құқықты қорғау саласындағы адвокаттық қоғамдастықтың біліктілігін арттыру « жобасы шеңберінде өткізіледі.

Бөлісу