Немесе харассментті қалай қазақшаландырамыз?
«Қылмыстық кодекстің» 123-бабы бойынша жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеуге қатысты осы кезге дейін бар болғаны 88 іс тіркелген. Мұндай іс санының аз болуы біздегі темірдей тәртіпті емес, заңдағы шикілікті көбірек білдірсе керек. Әрі терминдерді аударып қана қоймай, оған нақты түсініктемелер беруде де біраз мәселе туындайды. Ендеше, қазақы қоғамға «харассмент» ұғымын қалай енгізуге болады? Оны шегелеп, бекітудің қаншалықты маңызы бар? Халықаралық заңгер Аяжан Ойратовамен осы тақырыпқа қатысты сұхбаттасқан едік.
Әлқисса, Қазақстанда жыныстық бопсалауға қатысты бірнеше бап бар. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 123-бабында —адамды бопсалау, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте ұсақ бұзақылық дегендей. Соңғы атап өткен кодексте өткен жылы қосымша екі бап пайда болған. Міне, солардың бәрі жыныстық бопсалауға жатады. Дегенмен бұл жердегі мәселе — «харассментті» қазақшаға аудару. Неге дәл осыған назар аударып отырмыз? 123-бапты қарасаңыз, бұл ұғымға адамды бопсалауға кірістірілген. Шыны керек, оны әркім әр түрлі беріп жүр. Сондықтан кейіпкеріміз терминді нақты бекіткен дұрыс деген пікірде. Айталық, көпшілік бопсалауды кемсіту деп түсінеді. Ал негізі харассмент — адамның ар-ожданына тиетін әрекеттер.
— Алдымен, қазіргі заңнамадан бастасақ. Жыныстық бопсалау тағы қай жерде көрініс табады?
— Қылмыстық кодекстің 123-бабында жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеу туралы айтылады. Бірақ қолда бар деректерге көз салсақ, аталған бап бойынша өте аз іс қозғалған. Нақтырақ айтқанда, 88 іс тіркеліпті. Өйткені мұнда жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу бойынша ғана қаралады. Ал негізі харассмент ондай мәжбүрлікті талап етпейді.
Жыныстық бопсалауға қатысты келесі бап — Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы. Бұған жеке тұлғаларды қорлап тиіскен жағдайлар жатады. Мысалы, 2020 жылы ақпанда алматылық рэп орындаушылар — Кисло-Сладкий & Bonah Данеля Садықова (Dequine) есімді әншіге тиіскен еді. Сол кезде іс «Ұсақ бұзақылық» бойынша қозғалған. Былай қарасаңыз, ұсақ бұзақылық дегенде көз алдымызға басқа нәрсе келеді емес пе? Сондай-ақ, жеке тұлғаларға тиісу, қорлау нақты қай кезде және қалай көрініс табатыны да заңнамада нақтыланбаған. Біршама түсініспеушілік туындайтын себебі де соған байланысты.
— Бұдан бөлек, харассмент пен жыныстық бопсалаудың синоним ретінде қабылданатыны тағы бар. Мұның аражігін қалай ажыратса болады?
— Иә, расында синоним сияқты қабылданатыны бар. Жалпы ағылшын тілінде «харассмент» жыныстық бопсалаудан бөлек қарастырылады. Өйткені ол қырындау ғана емес, одан бөлек дініне, ұлтына, жасына не жынысына қатысты әрекеттер де кіреді. Сондықтан бұл терминді енгізерде мұқият болу керек. Көбі «қазақта мұндай жоқ, сондықтан термин де жоқ» дейді. Десек те, қазіргі заманда мұндай жағдайдың бары ақиқат. Стратегиялық тұрғыда қандай сөзбен балама келтіруге болады — соны ойлануымыз қажет. Бұдан кейінгі мәселе — бәрін бір бапқа орналастыра аламыз ба, жоқ па? Мұны да жан-жақты қарастыру маңызды. Осы ретте біздегі қалыптасқан классикалық көрініс туралы айтсақ. Ол бойынша жас әйел, оған бір ер адам қырындап, жыныстық не романтикалық қарым-қатынасқа түсуге шақыруы мүмкін, вербалды не вербалды емес белгілер көрсетіледі дейміз. Мейлі жұмыста не далада болсын дауыстап шақырып, орынсыз қылықтар танытуды харассмент деп қарастыруға болады. Бірақ кей заңгерлердің айтуынша, «Қазақстанда мұны дәлелдеу мүмкін емес, сондықтан заңда болмауы керек». Ал енді мынаған қараңыз. 2020 жылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің ішінде 80-1 және және 409-бап бар. Онда медицина және фармацевтика қызметкерлеріне қатысты айтылады. Бұл екеуі де жаңадан қосылды.
Енді мұның ерекшелігі неде? «Медицина және (немесе) фармацевтика қызметкерлерінің заңды қызметіне кедергі келтіру 2. Медицина және (немесе) фармацевтика қызметкерлеріне лауазымдық міндеттерін орындауы кезінде былапыт сөйлеуден, әбес қылықтар (белгілер) мен заттар көрсетуден, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы, лайықсыз мінез-құлықтан, мазақ қылудан көрінген құрметтемеушілік таныту» делінген. Әрине, аудармасы біртүрлі. Әрі аталған әрекеттер терминологиялық тұрғыдан бізде аса ашылмаған. Дегенмен жалпы бұл белгілерді харассментке жатқыза аламыз. Осыны ескере келе, дискриминацияға тыйым салу бойынша жеке заң керек деп есептеймін. Оның ішіне жоғарыда атап өткен әрекеттерді кіргізуге болады. Одан кейін әр сөзге түсініктеме берілуге тиіс. Себебі заңда болғанымен, нақты сипаты болмаса іс жүргізуде кедергі туындайды. Соның салдарынан азаматтарымыз қорғалмай отыр. Қарапайым ғана мысал: 80-бап бойынша медицина қызметкерлері ғана қорғалған. Дегенмен ресми міндетін атқару кезінде ғана әлгі бап бойынша қаралады да, одан тыс кезде болса не істеуі керек? Міне, мәселе осында.
— Жалпы алғанда өзге адам тарапынан бопсалау, қырындау не сол секілді ерсі іс-әрекетке тап болғандар дәл қазір қайда және қандай дәйектемелермен арыздана алады?
— Мәселен, Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстегі «Жала жабу» баптары бойынша азаматтарымыз құқығын қорғай алады. Одан бөлек, азаматтық іс жүргізу бойынша кәсіби беделіне нұқсан келген жағдайда тиісті өтемақысын алуға құқылы. Бірақ бір адам екінші біреуге жала жапқанын іс түрінде қозғау үшін оған дәлел керек. Аудио не видеофиксация, әлеуметтік желіде жазылған пікір не жеке хаттар және т.б. Дәлелдер болса, айып тағуға болады. Дегенмен жоғарыда атап өткенімдей, 123-бап бойынша біздің сот тәжірибесінде қозғалған істер саны азғантай. Әрі кейде полиция істі тіркемейді, тіркесе де сотқа жетпейді, болмаса дәлел болмағасын іс жабылады. Сол себепті нақты дәлел болған кезде ғана агрессорды жауапқа тарта аламыз.
— Өзіңіз айтқандай, дәлел болмаса қолдан келер қайран жоқ. Адам құқығы биік қойылатын елдер мұны қалай шешіп жатыр?
— Әр елде әр түрлі. Мысалы, Араб әмірліктерінде әйелге тіпті көз тастап қараудың өзі қылмыс саналады. Қолыңыз тиіп кеткен күннің өзінде қылмыстық іс деп қаралады. Ал енді Америкада азаматтық іс қозғалып, ол әлгі адамның кәсіби беделіне нұқсан келтіреді. Сол сияқты нақты бір универсал тәжірибе бар деп айту қиын. Әр ел өзінше ізденеді. Онысы дұрыс. Жалпылама алғанда, эталон ретінде Жаңа Зеландия, Ұлыбританияны атауға болады. Өйткені бұл елдерде адам құқығы өте жақсы қорғалған.
— Дамыған елдер туралы айтып отырсыз. Сіздіңше, харассментті бізде бекітуде қай елдің заңнамасын үлгі қылып алуға болады?
— Харассментке қатысты қандай да бір елдің моделін алып көшіру бізге келмейді. Себебі ағылшын-саксон мемлекеттерінде жалпы дискриминация, әйелдерді кемсіту, одан бөлек қысымнан қорғау бойынша жекелеген заңнамалар бар. Ал біздің құқықтық жүйе үшін нақты дискриминацияға қарсы заң қажет болады. Міне, соның ішінде жыныстық бопсалау да, харассмент те болар еді. Түсіндірмелер дұрыс берілген жағдайда азаматтарымыз қорғалып, өтемақы талап ете алады. Ескеретін жайт, харассментке жататын қылықтың бәрін қылмысқа жатқыза алмаймыз. Өйткені оның өз ауыртпалығы болады. Десек те, қоғамға қаупі аса жоғары болмағандықтан, оны қылмыстық іске жатқызуға дұрыс емес. Ал енді арнайы заң болса, тыйым салып қана қоймай, профилактикасына қатысты да біраз мәселе шешуге болады.
— Осы ретте келеңсіз жағдайға тап болмас үшін ескеру керек дүниелерді атап өтсеңіз. Қандай кеңес бересіз?
— Есте ұстайтын бірнеше жайт бар. Мысалы, кеңседе жалғыз отырсаңыз, үнемі есікті ашып отырыңыз. Біреумен кездесетін болсаңыз, көпшілік бар жерде жолыққан дұрыс. Сондай-ақ, қырындайтын адам болса, оны аудиожазбаға жазып отыру керек. Сондай-ақ, әрекеттер қайталанса басқаларға айтып жүрген жөн. Себебі артынша зорлау болуы мүмкін. Айталық, белгілі құрылыс компаниясында жұмыс істейтін әйел харассментке ұшырап, ақыры зорланған. Мұндайға жеткізбес үшін де өзгелерге хабарлап не деректер жинап жүрген дұрысырақ. Ал енді осындай жағдайға тап болғандарға психологиялық көмек алуға кеңес береміз. Өйткені мұндайда өзіңмен-өзің қалу қиын. Қаражат тапшы болса, дағдарыс орталықтарына жүгінуге болады. Сонымен бірге психологтардың қайырымдылық мақсатта іске асырып бастаған Tanym Project акциясы бар. Яғни телеграм-бот арқылы көмек сұрайсыз. Кейін сізге психолог тағайындалады. Бар болғаны 1000 теңге көлемінде ақыға көмек алу мүмкіндігі бар.
Бұл мақала КУРСИВ интернет-ресурсында жарияланған.
Жарияланымды CFLI (Canada Fund for Local Initiatives) қолдаған «заңнамалық реформалар, бизнесті жауапты жүргізу және Қазақстанда хабардарлықты арттыру арқылы жұмыс орнында және қоғамдық орындарда жыныстық бопсалауға қарсы күрес» жобасы шеңберінде Құқықтық саясатты зерттеу орталығы (LPRC) дайындады.