Жұмыста ер адамдардың тарапынан қыз-келіншектерге сөзбен қырындап, қол тигізетін жағдай жиі болып тұрады. Әріптесінің бұл қылығы ұнамаса да, барар жер, басар тау болмағандықтан көпшілігі үндемей, іштен тынады. Неге? Себебі заң аясында жаза қарастырылмаған. Ал басшылық болса, мұны айтарлықтай мән беретін дүние деп есептемейді. Шетелде мұны «харассмент» терминімен сипаттайды. Ал бізге бұл ұғым қаншалықты сіңіп кете алады?
Расында, Қазақстан заңнамасында харассментке қатысты ұғым жоқ. Осыған ұқсас, жақындауы – Қылмыстық кодексте кейбір жыныстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға мүмкіндік беретін 123-бап. Оның өзі оңып тұрғаны шамалы. Себебі бапта «Адамды бопсалау, мүлкін жою, бүлдіру немесе тартып алу қаупін төндіру арқылы не жәбірленушінің материалдық немесе өзге тәуелділігін пайдаланып жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектің жыныстық қатынас жасауына, лесбилікке немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүрлеу – 1 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не дәл сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалансын» делінген.
«Қазақстандағы жыныстық бопсалау үшін жауапкершілік: Әйелдер неге үндемейді?» тақырыбында өткен онлайн конференцияда осы тақырып аясында сөз қозғаған заңгер Халида Әжіғұлова статистикалық деректер келтірді. «ІІМ ресми статистикасы бойынша, 123-бап тәжірибеде өте сирек қолданылады. 20 жыл ішінде, 1998-2018 жылдар аралығында тек 87 іс тіркелді. Барлық тіркелген істің 30-ы ғана сотқа жіберілді, 25 адамға қатысты айыптау үкімі шығарылған. Бірақ бірде-бір адам бас бостандығынан айыру жазасына кесілген жоқ», – дейді сарапшы.
Заңгер Жангелді Сүлейменов жыныстық бопсалау мен харассмент екі бөлек ұғым дейді.
«Жалпы алғанда, жыныстық бопсалау деген шынында жыныстық қатынасқа итермелеуді білдіреді. Сол тұрғыдан алғанда 123-бапта мұның бар екенін айту керек. Нормаларды талдағанда ол сөздің мәніне байланысты болады. Жыныстық бопсалау деген сол шақуатын қандыру деген сөз. Харассментті бұлай аударып, қолдануға болмайды. Екеуі екі бөлек. Посткеңестік сегментте осыны шатастырғандықтан, тығырыққа тіреліп отырмыз. Бұл ұрлық туралы заңның ішіне параны жазып қойғанмен бірдей нәрсе. Батыста «харассмент» мағынасы басқаша. Жыныстық бопсалау объектісі – жыныстық еркіндік, мотиві – құмарлық. Харассментте кемсіту мотив болса, объектісі – адамның қадір-қасиеті. Міне, мәселе қайда жатыр. Ұсынысым – жыныстық бопсалау туралы «ұмытып», харассмент түсінігін қалдыру. Сонда алға жылжу оңай болады. Адамға қол ұшын тигізбек тұрмақ, қалжыңдасуға, кемсітуге де болмайды», – деді заңгер.
Негізі, «харассмент» немесе жыныстық бопсалау дегенде көз алдымызға әйелдердің бейнесі көбірек келеді. Сарапшылар мұның қате екенін айтады. Өйткені әйелдер ғана емес, ерлер де ұшырауы әбден мүмкін. Сондықтан бұл тұрғыда жынысқа қарай бөліп емес, жалпы адамның жеке басының қадір-қасиетін биік қойған дұрысырақ. «Не молчи» қоры бірнеше жылдан бері жыныстық бопсалау мәселесін көтеріп келеді. Қор директоры Алмат Мұхамеджановтың айтуынша, бопсалаудың бұл түрі көп жағдайда соңында зорлық-зомбылықпен аяқталады екен. «Бізге мемлекеттік болсын, жеке сектордан болсын, көп әйел шағым айтып жатады. Содан байқағанымыз, әйелдер қай жерде болсын қорғаусыз десек болады. Бір жағдайды мысал ретінде айтсам, 2019 жылы сәуірде облыстық аурухананың дәрігері өзімен бірге науқастар қабылдайтын медбикені зорлаған. Егер аурухана басшылығы баса мән беріп, қызметкердің талап-арызын жерде қалдырмағанда, мұндай оқиға болмас еді. Медбике талай рет басқа дәрігерге ауыстыруды сұраған. Себебі әлгі әріптесі «ақыры ажырасқан адамсың ғой. Балаң бар. Әйелдің саулығы үшін саған ер адам қажет» деп төсекке сүйреп, соңында зорлаған. Арызданса, бәрі оған қарсы шығып, «іштегі әңгімені сыртқа шығарма» депті. Зорлықшыны тіпті ақтап алған. Одан біз қосылып, 16 апелляциялық отырыс өтті. Нәтижесінде, биыл маусымда жазасын алды. Мұндайды болдырмас үшін әр мекеменің әдеп кодексі болуы керек», – дейді Мұхамеджанов.
Расында, әлдекімнің қадір-қасиетіне қол сұғылып, құндылығы аяққа тапталғанда көбі мұның жасырын қалғанын құп көреді. Ал зорлықпен бетпе-бет келген адамның болашағы, сол кезеңнен қалай өтетіні бас ауыртатын мәселе саналмайды. Одан бөлек, қызметтік лауазымын пайдаланатындар ғана емес, қатарластар, такси жүргізушілері не болмаса көшедегілер тарапынан да болатын харассмент туралы айта кету керек. Заңгер Құндыз Өтебекова заң аясында жауапкершілікке тарту қолға алынбаса, мұны азайту мүмкін емес деген пікірде . «Жыныстық бопсалау физикалық тұрғыда жасалса, Қылмыстық кодекс арқылы жауапқа тарту қажет. Яғни, айыппұл төлету, бірнеше тәулікке қамау және т.б сыңайлы. Ал енді ауызша тіл тигізу болса, оған әкімшілік жауапқа тартқан жөн деп ойлаймын. Сонымен қатар зорлықтың қай түрін болсын ашық айту керек. Мектепте балаларға жыныстық тәрбие туралы ғана емес, харассмент үшін қандай жаза барын, қоғамда өздерін қалай ұстау керегін түсіндіретін сабақтар артық етпейді», – дейді заңгер.
2017 жылы жазда кинопродюсер Харви Вайнштейнді он шақты голливуд актрисасы жыныстық бопсалау жасады деп айыптайды. Ең бірінші боп бұл туралы Эшли Джадд айтқан. Артынша 80-ге жуық әйел Вайнштейннің осындай әдеті барын жасырмай, ашық жеткізді. Олардың ішінде Анджелина Джоли, Гвинет Пэлтроу және Ума Турман да болды. Осыдан соң бірнеше күн өткен соң кинопродюсерді бауыры компаниядан қуды. Ол аз болғандай, соның тегімен аталған компанияның атауын өзгертті. Бұл дегеніміз батыста харассментке қатысты түсініктің тамыры тереңге енгенін көрсетеді. Яғни, ол жақта бопсалаудың бұл түріне байланысты дау-дамай туындаса, беделге тікелей әсер ететінін көрсетеді.
Байқағанымыз, сең біртіндеп қозғалып келеді. Қылмыстық кодексте шегелеп, қандай дәлелдерді негізгі, қайсысын жанама деуге болатыны да бүге-шігесіне дейін талқыланып жатқан көрінеді. Бұл тақырып биыл қаңтарда Парламент қарауына жіберіліп, пленарлық отырыста талқыланған еді. Жынысы, жасы, қызметі, әлеуметтік статусы қандай болғанына қарамастан, харассментке кез келген адам ұшырауы мүмкін. Сол себепті мемлекеттің ең басты құндылығы – адам екені рас болса, адамгершіліктен аттағандардың жазасын алуы әбден әділетті болар еді.
“Бұл мақала Aikyn.KZ интернет-ресурсында жарияланған.” https://aikyn.kz/88838/harassment-bizdin-kogamga-zhat-pa/
Жарияланымды CFLI (Canada Fund for Local Initiatives) қолдаған «заңнамалық реформалар, бизнесті жауапты жүргізу және Қазақстанда хабардарлықты арттыру арқылы жұмыс орнында және қоғамдық орындарда жыныстық бопсалауға қарсы күрес» жобасы шеңберінде Құқықтық саясатты зерттеу орталығы (LPRC) дайындады.