Егер қарапайым адамға полиция хабарлама немесе шақыру қағазын берсе, ол не білу керек? Егер адвокаттың клиенті ұсталса, адвокат қандай әрекеттер жасауы қажет? Қандай жағдайларда ұстауды заңсыз деп санауға болады? Бейбіт жиналыстар барысында қазақстандықтардың құқықтарын қорғау жөніндегі жоба шеңберінде адвокаттар мен заңгерлерге арналған екінші онлайн-тренингке қатысушылар осы, және басқа да сұрақтарға жауап алды.
Жобаны Сорос-Қазақстан Қорының қаржылық қолдауымен «Құқықтық саясатты зерттеу орталығы» ҚҚ (Алматы қ.) ұйымдастырады. 2020 жылғы 29 қазанда үкіметтік емес секторының заңгерлері мен адвокаттық қоғамдастығына арналған «Бейбіт жиналыстарға қатысушыларды ұстау ерекшеліктері. Қорғаушының тактикалық әрекеттері» тақырыбы аясында екінші онлайн оқыту тренингі өтті. Тренингті Алматы қаласының адвокаттар алқасының адвокаты Эльвира Боханова мен адам құқықтары саласындағы халықаралық құқық бойынша кеңесші Татьяна Чернобиль өткізді.
Татьяна Чернобиль атап өткендей, жоба қалың жұртшылық үшін де, ҚР адвокаттық қоғамдастығы үшін де жоғары маңызға ие.
«Бұл мәселе неліктен маңызды? Бүгінгі таңда бейбіт жиналыстарға қатысты істер бойынша жұмыс істейтін адвокаттар саны тым аз. Әсіресе, біздің еліміздің көлемі мен ұсталғандардың саны ескерілсе санаулы деуге болады. Біздің тренингтерге қатысушылардың арасында бейбіт жиналыстар контексінде азаматтардың мүдделерін қорғаған адвокаттар көп емес. Сондықтан, осы жоба аяқталғаннан кейін, бейбіт жиындар ұйымдастыру және қатысуға құқығы аясында ұсталған, әкімшілік жазаға тартылған адамдардың мүдделерін кәсіби және сенімді түрде қорғай алатын, дайындалған адвокаттар атынан, қоғам қосымша ресурс алады деп үміттенемін», – деп айтып өтті. Екінші онлайн-тренинг барысында, қатысушылар нақты кейстерді талдап, полициядан хабарлама алған немесе полиция ұстап алған жағдайда қорғау тарапы үшін іс-қимыл тактикасын әзірледі.
Сонымен қатар, тренингте алдын ала ұстау практикасына ерекше назар аударылды. Алдын ала ұстау – бұрын белгілі бір қызметпен (әлеуметтік, азаматтық және басқа да «активисттік» қызметпен) байланысты, органдарға белгілі болған адамды (активист), олардың алдағы уақытта болжанатын әрекеттерді жасауынан алдын алу мақсатында ұстау.
Активисттердің бейбіт жиналыстарға қатысуына жол бермеу үшін алдын-ала ұстау қолданылған жағдайлар да бар. Катысушылар сарапшылармен бірге осындай жағдайларда активисттерді қорғау тактикасын ұсынды.
Тренингте қаралған тағы бір маңызды мәселе – адвокаттық қызметтің құқықтары мен кепілдіктерін бұзу.
Сарапшылар қатысушыларға ҚР ӘҚБК-нің 752-бабына сәйкес қорғаушы: істің барлық материалдарымен танысуға; істі қарау процесіне қатысуға; дәлелдемелер ұсынуға; өтінішхаттар мен қарсылық білдірулерді мәлімдеуге; судьяның, істі қарауға уәкілеттік берілген органның (лауазымды адамның) рұқсатымен істі қарау процесінде жауап алынатын адамдарға сұрақтар қоюға; іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларының қолданылуына және іс бойынша қаулыға шағым жасауға; өзіне заңмен берілген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы екенін еске салды.
Халықаралық ұйымдар Қазақстанда бейбіт жиындарға қатысты құқықтың бұзылғаны туралы бірнеше рет мәлімдеп Қазақстанды адам құқықтары саласындағы өз міндеттемелерін орындауға шақырды. Құқық қорғаушылар полиция бөлімшелерінде, түнде және көптеген жағдайларда адвокаттардың қатысуынсыз немесе адвокаттар өздерінің сенім білдірушілерін тиімді қорғай алмайтын жағдайларда жүргізілген көптеген жеделдетілген сот істерін тіркеді.
«Менің осы тренинг барысындағы міндетім – халықаралық құқық бойынша заңгер ретінде өз білімім мен тәжірибеммен бөлісу. Адвокаттар жұмыс істейтін ұлттық заңнамадан жоғары көтеріліп, қазақстандықтар үшін адам құқықтарын қорғаудың халықаралық тетіктерінің мүмкіндіктерін көрсету», – деп Татьяна Чернобиль атап өтті.
Жоба шеңберіндегі онлайн-тренингтер бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу, бейбіт жиналыстарға қатысушыларды ұстау ерекшеліктері және қорғау тактикасы, бейбіт жиналыстарға байланысты істер бойынша әкімшілік сот ісін жүргізудің ерекшеліктері, сот шешімдеріне шағымдану, БАҚ өкілдерін қорғау ерекшеліктері және олардың бейбіт жиналыстарды жариялаудағы құқықтары сияқты тақырыптарға арналған.
Онлайн-тренингтер «Құқықтық көмек көрсету және бейбіт жиындарға құқықты қорғау саласындағы адвокаттық қоғамдастықтың біліктілігін арттыру « жобасы шеңберінде өткізіледі.