Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Бұлан ауылы орта мектебінің мұғалімі
Серік Зиятов: Тәуелді мұғалім тәуелсіз бақылаушы бола алмайды
Қазақстанның саяси орталығы Нұр-сұлтаннан бірнеше мың шақырым шалғайда жатқан Бұлан ауылында тұратын Серіктің парламент, президент сайлауларына тәуелсіз бақылаушы болып қатысып жүргеніне бірнеше жыл болды. Бастапқыда өзі ғана бақылаушы еді, кейін Бұлан ауылындағы орта мектепте биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін әйелі Индира Әлімбаева да қатарына қосылған.
– Бұлан ауылында небәрі 130 үй бар. Шағын орта мектептегі оқушылар саны жүзге де жетпейді. Республикада ерлі-зайыпты мұғалімдердің тәуелсіз бақылаушы болып жүргені біз ғанамыз, – деп күледі ол.
Әдетте, сайлау комиссияларының көбі бюджет қызметкерлерінен, соның ішінде мұғалімдерден тұратыны белгілі. Серіктің де бірге жұмыс істейтін үш әріптесі әр жерде сайлау комиссияларының төрағасы болып жұмыс істейді.
-Үш әріптесіме де сайлау нәтижесін бұрмалайтын болсаңдар қолдарыңды алмаймын деп ескерттім. Нәтиже белгілі ғой. Сөйтіп көпке дейін әріптестермен амандаспай қоюға тура келді,-дейді ол.
Республикалық сайлау науқаны бірер күнде өте шыққанымен, шалғайдағы ауыл мұғалімінің өміріне осылай да әсер етеді.
Серік тәуелсіз бақылаушы болғаны үшін өзі мен әйеліне мектеп басшылығы қысым жасамағанын айтады. Алған бетінен қайтпайтын мінезін бала кезінен білетін ұстазы, мектеп директоры Серіктің 9 сыныпты оқып жүргенде мектепті тастап кеткенін де біледі.
– Көп балалы отбасы едік. Тұрмысымыз нашар болды. Мектепке нашар бәтеңке киіп баруға құрдастарымнан ұялдым, әрі намыстандым,-дейді ол.
Қазақстанды мұнай-газбен қамтамасыз ететін батыс өңірде тұрса да Серіктің ауылы Бұланға ол кезде газ жетпеген. Жұрт ағаш жарып, көмір жағады, жақсы пеш салатындарға сұраныс көп. Бала болса да Серік пеш салумен айналысты.
2000 жылы құрдастары мектеп бітіріп жатқанда, мектеп директоры емтихан тапсыр да аттестат ал дегенде бармады. Үш жыл оқымай аттестат алу ұят емес пе? Эстернат оқып астттестатын 20 жасында алды.
Орал қаласындағы педуинверситетті бітірген соң мамандығы бойынша 3 жыл бойы жұмысқа тұра алмады. Конкурс жарияланады, бірақ алдын ала басқа адамдарды алып қояды. Құқықтық сауатымның төмендігі ғой, әйтпесе заң бойынша талап етуге болар еді деп күледі қазір.
2011 жылы мектепке тұрған Серік 2012 жылы 14 қаңтарда өткен парламент сайлауында алғаш рет бақылаушы болды.
– Қанша бақыласаңдар да түк шықпайды» деп күмәнданғандар болды. Қас-қақпай бақыладық, біздің кандидатытымыз «Нұр Отанның» кандидатынан сәл ғана аз дауыспен жеңілді. Сайлау кезінде аудан әкімінің орынбасарын сайлау учаскесінен шығарып жібердім. Өйткені заңды білеміз. Топтап бюллетень салғаны үшін бірнеше акт жасадым. Тәуелсіз бақылаушылардың қолынан көп нәрсе келетінін көрдім. Түнгі сағат екіге дейін жүрдік. Ертеңіне боран соғып ауылыма, мектебіме жете алмадым. Сол арада жоғарыдан телефон соғып, мені жұмыстан шығарып жібер депті. Мені директоры қорғап қалды, – дейді ол.
Серік 2015 жылы өткен президент сайлауында да, 2016 жылы өткен парламент сайлауына да бақылаушы болмады. Халықтың өзі қалаған кандидат жоқ деп есептеді.
2019 жылы оппозия өкілі Әміржан Қосанов президент сайлауына түскенде бақылаушылыққа білек сыбана кірісті. Тіпті Қосановтың Сырым ауданындағы сенімді өкілі де болды.
– Ауданда 29 сайлау учаскесінің ірі 16-сын, электорат санына шаққанда 80 пайызын бақыладық. Біз бақылаған 16 учаскенің көпшілігінде Қосанов 80 пайызға дейін дауыс алды. Біз бақыламаған учаскелерде Тоқаев 90 пайызбен жеңді, бірақ Қосанов сайлаудың толық нәтижесін күтпестен жеңілгенін мойындай салды,-дейді ол.
Серік Зиятов 2021 жылдың басындағы парламент сайлауына өзі қалаған партия қатыспаса да келіншегі екеуі тәуелсіз бақылаушы болды. Өйткені халықтың сайлауға сенімі қандай екенін көргісі келді.
Әйелі екеуінің де тәуелсіз бақылаушы болып жүргеніне әріптестері таңдана қарайды, әрі құрметтейді. Осыдан не пайда бар деп күлетіндер де бар.
Серіктің айтуынша, өз жұмысын жақсы білетін мұғалім биліктің қысымынан сескенбейді.
– Бір оқушым былтыр республикалық жас тарихшылар сайысында бас жүлде алды. Облыстық сайыстардан бірнеше оқушым жүлдеге ие болды. Өзім мұғалімдер арасындағы облыстық олимпиададан бірнеше рет жүлде алдым. Біліктілігім нашар болса тәуелді мұғалімге айналар едім, ал тәуелді мұғалімнен тәуелсіз бақылаушы шықпайды, – дейді ол.
Серік келесі сайлауға міндетті түрде бақылаушы болмақшы. Себебі тәуелсіз бақылаушылар институты қалыптасып, бүкіл сайлау учаскелерін бақыламайынша өзгеріс болуы мүмкін емес деп санайды.
Бұл жарияланым тек қана танысу мақсатында жарияланған. Жарияланым кейіпкерлерінің пікірі Орталық басшылығы мен қызметкерлерінің пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін.