Ринат Рафхат: Сайлау комиссиясы өзгермейінше дауыс беруге бармаймын

Атырау облысының Құрманғазы ауданы Хиуаз ауылында туып-өскен Ринат Рафхат патша өкіметі кезінде Сібірге жер аударылған реаолюционерлер секілді Алматыға «жер ауып» келген.

Әдепкіде тосын естілгенімен Ринатпен әңгімеселе келгенде солай екенін бағамдайсың.

-Мені Алматыға жеткізген Жаңаөзен оқиғасының екпіні, жергілікті билікті тепкіні,- дейді өзі Махамбетшілеп.

Атырау облысының Құрманғазы ауданында Каспий теңізінен 30 шақырым жердегі Хиуаз ауылында туып-өсіп мұнай компанияларының бірінде тып-тыныш жұмыс істеп жүрген Ринатты 2011 жылы 16 желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасы белсенді азаматқа айналдырды.

-Вахтамен жұмыста жүргенмін. Жаңаөзен мұнайшыларына оқ атылғаны жайлы неше түрлі видеолар көбейді. Жанымыз ауырды. Ол видеоларды мен де әлеуметтік желімен тараттым. Сол үшін билік ауылда жатқан зейнеткер анама қысым жасайды деп ойламаппын. Бірақ бұл кері реакция берді. Биліктің қысымы үдеген сайын шабыттана түстім,-дейді ол.

Ринат 2016 жылы Атырауда басталып, Қазақстанның ірі қалаларында жалғасқан жер митингісіне Макс Боқаев, Талғат Аяндармен бірге шықты. Қазақстан үкіметі жердің аукционмен сатылатынын жариялағанда Атырау қаласының орталық алаңына 5 мыңға жуық адам жиналғанда өздері де таңғалды.

  • Митингіден кейін Макс Боқаев пен Талғат Аянды соттады. Мені ҰҚК мен прокуратура тергеді. Макс пен Талғаттың сотына барғаным үшін жұмыстан да шығарды. Өзімді ғана емес, інілерім мен апаларымды да жұмыстан шығарғаны қабырғама батты. Анам райымнан қайтармады. Макстың соты әділетсіз өтіп жатыр деп баспасөздің біріне сұқбат берген күні белгісіз біреулер подъезге кіре берісте естен тандырып ұрып, тыныш жүр деп ескертіп кетті,-дейді ол.

Осы оқиғадан кейін Ринатты арандатушылар көбейген. Өзі танитын құқық қорғаушылар Атыраудан кетіп қалмаса тыныш қалдырмайтынын ескерткен.

Құқық қорғаушылар Ринатқа екі таңдау ұсынды: Не Грузияға, не Алматыға кетіп қалу керек.

Ринат Алматыны таңдады. Құқық қорғаушы Айна Шорманбаеваның ұсынысымен Алматыдағы халықаралық құқықты бастама қорында үш ай тәжірибеден өтіп, жұмысқа қалды. Сөйтіп қоғам белсендісі Ринат құқық қорғаушыға айналды.

Ринаттың саналы түрде сайлауға қатысып дауыс берген кезі 2016 жылы өткен парламент сайлауы.

-Сол сайлауға оппозициядағы Жалпыұлттық социал демократиялық партия қатысты. Жұмысымнан арнайы сұранып келіп, дауыс бердім. Өзім ғана дауыс бермей жұртты да шақырып, ескерту алдым. Бірақ ЖСДП парламентке өтпеді,-дейді ол.

2019 жылы маусымда өткен президент сайлауына барып дауыс беру керек пе, жоқ па деген мәселені Ринат көп ойланды. Ақыры бармауға шешім қабылдады. Өйткені билікке балама күштерден сенімді кандидат ұсынылмады деп есептейді. Бірақ байқап көру үшін бақылаушы болды.

Ал, 2021 жылы қаңтардағы парламент сайлауына бойкот жариялады. Жұртты да бойкотқа шақырды. Бұл жолы бақылаушы да болғысы келмеді.

-Дариға Назарбаеваның құдасы Берік Имашев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы болып отырғанда сайлауда қандай әділдік болуы мүмкін,- дейді ол.

Парламент сайлауына биліктегі «Нұр Отан» партиясынан өзге бірнеше партиялар қатысқаны да Ринатты жұбата алмады.

Олар тіпті халық өздеріне берген дауысты да қорғай алмайды деп есептедім. Солай болды да шықты. Өйткені сайлауға қатысқан партиялардың жетекшілерінің бәрі де билікте жүрген адамдар,-дейді ол.

Келесі сайлауда дауыс беруге барасың ба деген сауалға Ринат ойланып қалады.
Орталық сайлау комиссиясына тәуелсіз адамдар барғанын күтемін, бірақ өте көп күтетін сияқтымын,- деп күледі ол.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның құдасы Берік Имашевті Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл, 2021 жылы қыркүйекте Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметіне қайта тағайындалды. Ол бұл қызметке 2016 жылы тағайындалған еді.

Нажмите ESC, чтобы закрыть поиск

Выберите язык