

«Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры Еуропа Одағының қолдауымен «Құқықтық саясатты зерттеу орталығы» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, Қазақстанда деректер саласындағы құқықтық сауатты арттыруға бағытталған DEREK (Data Empowerment & Rights Education in Kazakhstan) — Қазақстандағы дербес деректер қауқары және құқықтық таным жобасының басталғанын жариялайды.
Кейінгі жылдары елімізде дербес деректерді қорғау саласының құқықтық негізі нығайып, оның ортақ жүйесі қалыптаса бастады. Алайда заңның біркелкі орындалмауы, тәуелсіз бақылаудың әлсіздігі және қарапайым халықтың бұл салаға етене араласпауы сияқты мәселелер әлі де көп. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдарға дербес деректерді дұрыс басқаруды үйретіп, олардың рөлін күшейту керек. Бұл деректер саласының ашық әрі айқын болуына жол ашып, әр адамның құқығын қорғауға септігін тигізеді.
DEREK жобасының мақсаты — азаматтық қоғамның әлеуетін нығайтып, жеке өмір құпиялығы мен дербес деректерді қорғаудың құқықтық тетіктерін жетілдіру арқылы Қазақстанда құқық үстемдігіне негізделген инклюзив цифрлық басқару жүйесін қалыптастыру.
Жоба аясында:
- Қазақстандағы азаматтық қоғам ұйымдарының, заңгерлердің және жергілікті бастамашыл топтардың білігі мен кәсіби тәжірибесі артады; олардың заң аясында халыққа көмек көрсетуіне, құқық бұзушылықтарды бақылап-қадағалауына және жеке өмірдің құпиялығы мен дербес деректерді қорғау саласын дамытуына жағдай жасалады;
- Азаматтық қоғамның адвокациялық күш-жігерін арттыру, стратегиялық байланыс арналарын нығайту және барлық мүдделі тараптарды жұмылдыру. Бұл қадам Қазақстандағы цифрлық құқықтар мен деректер қауіпсіздігіне қатысты мемлекеттік бағдардың ашық, адам құқықтарына негізделген және нақты зерттеулерге сүйенетін деңгейде дамуына жол ашады.
Көзделген аудитория:
- Азаматтық қоғам ұйымдары
- Заңгерлер мен құқық қорғаушылар
- Мемлекеттік органдар мен шешім қабылдайтын билік өкілдері
- Медиа өкілдері
- Жастар мен еңбек жолын енді бастаған мамандар.
Жоба нәтижесінде:
- азаматтық қоғам ұйымдары мен заңгерлердің жеке өмір құпиялығы мен дербес деректерді қорғау саласындағы сын-қатерлерді еңсеру әлеуеті артады;
- білім беру және тәжірибе жинау курстарының негізінде құқықтық көмек көрсететін, заңға қайшы жағдайларды құжаттайтын және стратегиялық сот істерін сүйемелдейтін, тұрақты жұмыс істейтін заң клиникаларының желісі құрылады;
- сенімді деректер мен зерттеулерге негізделген талдау материалдары жазылады;
- цифрлық құқық бойынша мазмұнды талқы ұйымдастыруға мүмкіндік беретін жан-жақты диалог жүйесі қалыптасады;
- ақпарат тарату және құқықтық ағарту шаралары қоғамның жеке өмір құпиялығы мен дербес деректерді қорғау мәселелері бойынша хабарын арттырады.
Жоба Қазақстандағы цифрлық құқықтар төңірегіндегі қоғамдық талқылардың сапасын арттыруға септігін тигізеді.
Жоба барысынан хабардар болып, оған қатысу мүмкіндігін жіберіп алмас үшін жаңалықтарды қадағалап жүріңіздер:
#DEREK_KZ
#DataProtectionKZ
#DigitalRightsKZ
Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырды. Оның мазмұнына тек «Құқықтық саясатты зерттеу орталығы» қоғамдық қоры жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.



