11 қыркүйек күні «Сот жүйесіндегі адалдық – сот әділдігінің кепілдігі» тақырыбына бағытталған халықаралық онлайн конференция өтті. Конференция барысында сот жүйесіндегі адалдық практикасын ілгерілету, адалдық құралдары (сот жүйесі мен сот қызметі туралы ақпаратқа қол жеткізу, Судья этикасы кодексі және сот жүйесіндегі мүдделер қақтығысы), сондай-ақ соттар қызметін қоғамдық бақылау мәселелері қарастырылды. Конференцияға Қазақстан, Ресей, Украина, ЭЫДҰ (Париж) және Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академия (Вена) сарапшылары қатысты.

Іс-шара ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы МАКСЮТА Елена Тагировнаның ҚР Жоғарғы Сотының Сот жүйесіндегі адалдықты ілгерілету жөніндегі жұмысына арналған баяндамасынан басталды. Өз баяндамасында Максюта ханым теріс себептермен қызметінен босатылған судьялардың саны көрсетілген статистиканы келтірді. Спикердің ақпаратына сәйкес, 2017 жылы 15 судья, 2018 жылы – 6, 2019 жылы – 29, ал 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында – 12 судья қызметінен босатылды.

Сондай-ақ, тәртіптік жауапкершілікке тартылатын судьялар санының жыл сайынғы өсуін көрсететін Сот жюриінің жұмысы бойынша статистика айтылды.

Алексей КОНОВ, «Жоғары экономика мектебі» ҰЗУ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы орталығының директоры (Мәскеу, Ресей), Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академиясының басқарушылар кеңесінің төрағасы (Вена, Австрия) соттың бейтараптығына арналған өз сөзінде – стандарттар, тиімді халықаралық тәжірибе мен құралдарға тоқталып кетті. Алексей мырза сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ықтимал әсерлі шараларды ұсынды.

Андрей КУХАРУК, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) (Париж, Франция), Шығыс Еуропа мен Орталық Азияға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісінің (ACN) талдаушысы. Андрей Қазақстанның ілгерілеуі және Ыстамбұл даму жоспары мониторингінің бесінші раундына сәйкес одан арғы ұсынымдар бойынша өз сөзінде, Қазақстанның сот жүйесіндегі адалдыққа байланысты проблемалық аспектілерге тоқталды.

Роман КУЙБИДА, Саяси-құқықтық реформалар орталығының басқарма төрағасының орынбасары, Қоғамдық адалдық кеңесінің мүшесі (Киев, Украина) өз сөзінде жан-жақты ақпаратсыз адамның адалдық туралы түсінігін қалыптастыруы өте қиын екенін атап өтті. Украинада судьяның адалдығын жан-жақты талдау үшін олар декларацияның үш түрін ұсынады:

– мүліктік (өте нақты),

– адалдық декларациясы (судья кейбір фактілерді растайды немесе жоққа шығарады) және

– туыстық байланыстар (сот төрелігі жүйесінде немесе жоғары лауазымдарда жұмыс істейтін туыстарын мәлімдейді).

Жеке мәліметтерден басқа, барлық декларациялар ашық. Сондай-ақ олардың әртүрлі тіркелімдері туралы ақпарат жиналады (кірістер, жылжымайтын мүлік, сенімхаттар, шекарадан өту, полицияға, сотқа жүгіну және т.б. туралы деректер). Сот шешімдері, БАҚ ақпараты, азаматтардың өтініштері де талданады. Осы барлық ақпарат салыстырылады және бағаланады.

Конференция спикерлері:

  • Дмитрий НУРУМОВ, Құқықтық саясатты зерттеу орталығының (LPRC) аға құқықтық кеңесшісі (Алматы, Қазақстан), Penal Reform International (Лондон, Ұлыбритания) басқарма мүшесі;
  • Данияр КАНАФИН, Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты, доцент (Алматы, Қазақстан);
  • Рамазан Туякович НУРТАЕВ, ҚР Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, профессор (Нұр-сұлтан, Қазақстан);
  • Ольга ШИЯН, Transparency Kazakhstan атқарушы директоры, KazBar және LPRC (Алматы, Қазақстан) “ЕЫДҰ (OECD) стандарттарына сәйкес Қазақстанда іскерлік ар-ұяттылықты арттырудың және корпоративтік басқаруды дамытудың жүйелі, құрылымдалған және тиімді саясатын іске асыру» жобасының сарапшысы;
  • Денис ПРИМАКОВ, Бүкілресейлік сыртқы сауда академиясының доценті (Мәскеу, Ресей)
  • Галина ЧИЖИК, «Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл орталығы» қоғамдық ұйымының сарапшысы, Қоғамдық адалдылық кеңесінің мүшесі (Киев, Украина)

Конференция соңында «Халықаралық құқықтық бастама» ҚҚ сарапшысы Аман Шорманбаев «Істерді қарау кезінде Қазақстан Республикасының сот жүйесінде судьялардың, прокурорлардың, заңгерлер мен адвокаттардың мүдделер қақтығысының болуы туралы ақпаратқа қол жеткізуді кеңейту арқылы бейтараптық қағидатты қамтамасыз ету» жобасы аясында әзірленген ҚР сот жүйесіндегі мүдделер қақтығысы туралы мәліметтер базасының презентациясын ұсынды.

Аман өзінің командасының мәліметтер базасын құру кезінде кездескен, бірнеше мәселелерді атап өтті:

1) Машинамен оқылатын форматта деректер массивіне қолжетімділіктің болмауы:

– Жоғарғы cот сайтында сот шешімдерінің деректер банкі «фильтірленген»!;

– Сот шешімдерін ПДФ форматында бір-бірден ғана жүктеуге болады.

2) Салық декларациялары туралы мәліметтің судьялардың және сот жүйесінде жұмыс істейтін басқа да адамдар үшін (сот хатшылары, приставтар, прокурорлар, жеке сот орындаушылары) қолжетімсіз болуы.

Аман жоба қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар қалдырды:

1) Мүдделі ұйымдарға сот шешімдерінің массивіне машинамен оқылатын түрде рұқсат ашу;

2) Судьялардың, прокурорлардың және сот төрелігі жүйесіне тартылған барлық мемлекеттік қызметшілердің салық декларацияларын міндетті түрде жариялау;

3) Істі қарау кезінде судьяның адалдық принципін және мүдделер қақтығысын бұзуға байланысты сот шешімінің күшін жою үшін негіздерді кеңейту;

4) Істі қарау кезінде адалдық принципін және мүдделер қақтығысын бұзуға байланысты процеске қатысушыларға қарсылық білдіру үшін негіздерді кеңейту.

Іс-шара Қазақстандағы Нидерланды Корольдігі Елшілігінің қолдауымен іске асырылатын «Қазақстан Республикасының сот жүйесінде судьялардың, прокурорлардың, заңгерлердің және адвокаттардың мүдделер қақтығысының болуы туралы ақпаратқа қол жеткізуін кеңейту арқылы адалдық принципін қамтамасыз ету» Халықаралық құқықтық бастамасының жобасы шеңберінде Құқықтық саясатты зерттеу орталығының қолдауымен өткізілді.

Осы конференцияның орыс тіліндегі жазбасын LPRC YouTube арнасынан, мына сілтеме бойынша көре аласыз

Іздеуді жабу үшін ESC түймесін басыңыз

Тілді таңдаңыз